Бaс жәнe мoйын қaтeрлі ісігі әлeм бoйыншa кeң тaрaлғaн қaтeрлі ісік aурулaрының тізімінде 6-орында тұр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жыл сайын әлемде бас және мойын ісігі ауруына 500 000-нан аса адам шалдығып, оның 270 000-ы көз жұмады. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Дәурен Әділбайдың айтуынша, олардың басым бөлігі аурудың III-IV кезеңінен асқан кезде ғана дәрігер көмегіне жүгінеді. Осы ретте бас және мойын (қалқанша безі) қатерлі ісігінің хирургі Tengrinews.kz тілшісіне дерттің маңызды белгілері мен оны қалай алдын алуға болатыны жайлы айтып берді.
Хирургтің айтуынша, емдеудің небір тиімді жолдары болуына қарамастан, науқасқа диагноз қойылған соң оның өлу қаупі 50 пайызға дейін артады. Алайда уақтылы емдеген жағдайда қайғылы жағдайды алдын алуға болады екен.
Дерттің маңызды белгілері:
— Тілдің аурушаңдығы;
— Ауыз қуысы жанындағы жаралар немесе ауыздағы ақ немесе қызыл түсті дақтар;
— Тамақтың ауыруы, тамақтың үнемі қарлығып қалуы;
— Тамақтың жұтынған кезде ауыруы;
— Мойынның ісінуі;
— Мұрынның бір жағы бітеліп қалуы немесе қанауы.
Онкологтың айтуынша, осы белгілердің бірі үш аптадан аса уақытқа созылып жатқанын байқаған жағдайда міндетті түрде дәрігерге көріну керек.
© Қазақ онкология және радиология ҒЗИ
Сондай-ақ, маман диагностиканың ауруды ерте кезеңінде анықтап, өмірін сақтап қалуға болатынын ескертті.
«Жалпы бас және мойын ісігі — бас және мойын тұсындағы бас және жұлыннан басқа барлық қатерлі ісік. Оның ішіне қалқанша без ісігі, ауыз қуысы және тіл ісігі, ауыз жұтқыншағы ісігі, мұрын қуысы ісігі, көмей ісігі, жоғарғы жақсүйек қуысы ісігі, жақ асты және шықшыт сілекей бездері ісігі кіреді. Көбі қатерлі ісіктердің тіпті осы жерлерде пайда болатынын елестей алмайды да», — дейді хирург.
Шылым, алкоголь және адам папилломасының вирусы
Онколог маман бас және мойын қатерлі ісігінің факторлары ретінде шылым, алкоголь және адам папилломасының вирусын атады. Папиллома деп отырғанымыз ауыз шырышты қабықтарында пайда болатын бүртікті қатерсіз эпителий ісігі. Көлемі әр түрлі, бүртікті ісік мүйізденіп, беті ағарып көрінеді екен.
Дәурен Әділбай папиллома вирусы көбіне ауыз қуысы ісігін тудыратынын айтады. «Папиллома вирусының түрлері көп. Ісік тудыратын түрлеріне тоқталсақ, олар — 16 және 18-типтегі папиллома вирустары. Ал жалпы олардың 100-ге жуық түрі бар», — дейді дәрігер.
Сондай-ақ, хирург алкоголь мен шылымды бір уақытта қолданғанда кері әсер күшейетінін айтады. Айтуынша, алкоголь шырышты қабыққа өтіп, табактағы қатерлі ісіктің пайда болуына әсер ететін заттектердің ағза жасушаларына оңай жолмен кіруіне септігін тигізеді екен.
© pixabay.com
Дәрігердің сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта папиллома вирусынан туатын ауыз жұтқыншағы ісігіне шалдығып жатқандар саны әлем бойынша өсіп жатыр.
Қазақстан онкологиялық және радиологиялық зерттеу институтының мәліметінше, Қазақстанда 830 адам ауыз қуысы қатерлі ісігіне, 600 адам қалқанша безі қатерлі ісігіне шалдыққан.
Өлім-жітім көрсеткіші жоғары болуының себебі — диагностикадан кеш өту
Дәрігердің айтуынша, оған бірден-бір себеп халықтың осы дерт жайлы және оның қаупі жайлы хабардар болмауы. Сондай-ақ, еліміздегі медициналық қызметкерлердің білім деңгейінің жеткіліксіз болуы себеп болып жатыр екен.
«Стоматологтар мен отоларинголог мамандарды оқыту онкологиялық ауруларға сақтықпен қарауға және дерттің қандай да бір қауіпті белгілері анықталған жағдайда жедел түрде уақтылы диагноз қоюға мүмкіндік береді», — дейді онколог.
Қалай алдын алуға болады?
Осыған байланысты маман шылым шегуден бас тартып, спирттік ішімдерді азайтуға кеңес берді. Бұдан бөлек ол ауыз қуысында күмәнді белгілердің пайда болмауын бақылап жүру керектігін айтты.
Оқи отырыңыз:
Онкологиялық аурудың алдын алу: Дәрігердің кеңестері
«Біреуге жан керек, біреуге сән керек». Меңді алып тастау қауіпті ме?
Ғалымдар қатерлі ісік қаупін арттыратын тағамдар тізімін жасады