Aлмaты oблысы Кeгeн aудaны Тoғызбұлaқ aуылынaн кeздeйсoқ oлжa тaбылды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы белгілі журналист, National Geographic Qazaqstan журналының жоба жетекшісі Мақсат Ясылбайұлы айтып берді.
Мақсат Ясылбайұлының айтуынша, бұл тарихи жәдігерді Тоғызбұлақ ауылының шаруалары биыл жаз айының басында тауып алып, хабар берген. Артынша журналист ескерткіштің құндылығын анықтау мақсатында тарихшы-археологтармен кеңескен.
«Тарихи маңызы зор екеніне көз жеткізген соң Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа хат жазып, зерттеу мәселесіне қолдау көрсетуді сұрадым. Президентіміз дереу комиссия құруға тапсырма беріп, бұл тарихи жәдігер «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына өткізілді. Қазанды табыстау рәсімі алаш зиялысы Қапез Байғабылұлының 123 жылдық мерейтойы салтанатында Тоғызбұлақ ауылында өтті. Қасым-Жомарт Кемелұлына және музейдің мамандарына, Досым Зікірияға ерекше алғыс айтқым келеді», — деді Мақсат Ясылбайұлы.
Өз кезегінде «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының маманы Досым Зікірия қазанның өлшемдері жайлы айтып берді.
«Қуыстағанға орналасқан қола қазанның бүйірі сыртқа шығыңқы, дөңес күйінде құйылған. Қазанның бүйірінде екі жағынан доға пішіндес, жұмыр тұтқалар сәл көлбеу бұрышпен орнатылған. Ол тұтқалардың біреуі бүтін, қазанға орнатылған күйінде сақталса, екіншісі тұтқаның бір бөлшегі ғана табылды. Қазан табаны шұңқырлау. Қазанның ішкі және сыртқы бүйірлерінен құю кезінде пайда болған екі қалыптың түйіскен тұсында пайда болған жік көрінеді. Мұндай жік екі тұтқаның қазан бүйіріне жанасқан тұсынан және тағанның қазанның түбіне жанасқан тұсынан да байқалады. Ернеуі сыртқа қарай сәл қайырылып, көлбеулеу орналасқан. Әзірше болжам бойынша қазан тұтастай құйылған деп есептеліп отыр. Кейіннен бір бүйірінде жаңа ай тәріздес 19х13 сантиметр жарық пайда болған және ол екі тұстан (сырты мен ішінен) қоламен жамалған», — дейді музей маманы.
Амал не, қазан қатты бүлінген, жоғарғы бөлігі бастапқы пішінін жойған.
Маманның айтуынша, қазанның өлшемдері мынадай: қазанның биіктігі — 53 сантиметр, тереңдігі — 36 сантиметр, диаметрі — 55-58 сантиметр, ернеуінің ені — 3 сантиметр, ернеу қалыңдығы — 0,5-0,8 сантиметр, таған биіктігі (қиылған конус пішіндес қуыс таған) — 17 сантиметр, тағанның кеңейтілген төменгі бөлігі — 23,5 сантиметр, жіңішкеріп келетін жоғарғы тұсы — 15 сантиметр, таған қабырғасының қалыңдығы — 5-8 милимметр, ал тұтқа (құлақ) өлшемі — 14 х 6 сантиметр.
Салыстыра кетсек, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі тайқазанның салмағы — 2 тонна, сыйымдылығы — 3 мың литр, биіктігі -1,60 метр, диаметрі — 0,42 метр, тұғырының биіктігі — 0,54 метр, диаметрі — 0,607 метр.
Суреттер «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығынан
Айта кетейік, осыған ұқсас қуыс тағанды және әртүрлі өлшемдегі қазандар бүгінге дейін Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданынан (1936, 1953, 1956 жылдары), Алматы қаласынан (1930, 1956, 1977, 1984 жылдары), Қырғызстаннан (1901, 1905, 1908 жылдары) табылған. Алайда, «Тоғызбұлақ қазаны» тәуелсіздік кезеңінде, Жетісудан алғаш рет табылып отыр және көлемі мен пішіні жағынан алдыңғы табылғандарға ұқсай бермейді.
Сондай-ақ, музей мамандарының мәліметінше, бұл кездесейсоқ олжалардың бәрі де біздің заманымызға дейінгі V-III ғасырлар деп мерзімделеді. Осыған дейін қола қазандардың 80-ге жуық түрлері табылса олардың арасында үш тағанды қазандардың үлесі басым, ал мұндай қуыс тағанды қазандардың үлесі аздау боп келеді.
«Осыған дейінгі қол жеткен археологиялық деректерге сүйене отырып қуыс тағанды қазандардың таралу аймағы Алматы облысы және Қырғызстанның Ыстықкөл аймағы, мүмкін ҚХР-ның Шыңжаң аймағы деп айта аламыз», — дейді музей қызметкерлері.