Бүгіндe бaлaны сүндeткe oтырғызудың мeдицинaлық әдістeрі бoлa тұрa көбі әлі күнгe дейін молданың көмегіне жүгінетіні рас. Бірақ мамандар оның қауіпті екенін ескертеді. Айтуларынша, хирургиялық ота жасалатындықтан, міндетті түрде маманданған дәрігер болуы керек. Баланы молданың сүндеттеуі расында да қауіпті ме? Оның салдары қандай болуы мүмкін? Tengrinews.kz тілшісінің бұл сұрағына елордалық уролог Ернұр Айнаев жауап берді.
Айнаев баланы тек уролог пен хирург мамандар сүндетке отырғызуы керектігін айтады.
«Сүндетке отырғызу — ер баланың зәр шығару мүшесінің ұшындағы хирургиялық жолмен алып тасталатын тері. Баланы молданың сүндеттеуін дәстүрлі әдіс деп айтып жатады. Онда молдалар өткір ұстарамен кесіп тастайды да, қанды тез тоқтату амалдарын жасайды. Ол стерильді болмауы да мүмкін. Нәтижесінде түрлі инфекциялық аурулар пайда болады. Сондықтан сүндеттеуді медициналық орталықта жасау керек. Себебі ол жерде арнайы ота жасайтын құралдар болады, барлығы стерильді», — дейді дәрігер.
Осы ретте уролог молданың үй жағдайында сүндеттеуінің қауіптеріне тоқталды.
«Баланы медицинаның көмегінсіз және үй жағдайларында сүндетке отырғызудың бірінші қаупі — инфекция. Құралдар стерильді болмағандықтан, онда инфекцияның түсетіні сөзсіз. Өте абай болу керек. Екінші кезекте сүндетке отырғызған соң медицинада арнайы қан тоқтатын аппаратты қолданамыз. Ал үй жағдайында, әрине, ол қан тоқтамай, баланың мазасы кетеді. Қан тамырын тікпегеннен кейін оның ұзақ уақыт қанай беру қаупі бар. Бала жылап қимылдай бергеннен кейін қисық кесіліп, мүшенің қисаюына алып келуі мүмкін, терісін көп немесе аз алып қоюы мүмкін. Үшінші қаупі ретінде балада аллергия болуы мүмкін, ал молдалар оны көбіне анықтап жатпайды. Салдарынан ауырсынуды баспақшы болып дәрі-дәрмек береді. Ол балаға жақпай қалатын жағдайлар көп. Яғни, алғашқы көмек дұрыс көрсетілмейді», — дейді дәрігер.
Уролог молдаға сүндетке отырғызған ата-аналардың келіп көмек сұрайтындарын айтады.
«Молдалар көбіне ырымын жасап қана қояды. Сондықтан маған ата-аналар ұлын сүндетке отырғызып болған соң жыныс мүшесінің ісініп кеткенін айтып шағымданады. Осы ретте біз медицинада ауырсынуды басатын классикалық әдісті қолданамыз. Ал сүндетке отырғызу кезінде баланың жыныс мүшесін жансыздандырып, арнайы аспаппен сүндетке отырғызып, тамырларын тігіп тастаймыз. Мұны еркін әдіс деп те атайды», — дейді Ернұр Айнаев.
Дәрігерлердің айтуынша, сүндеттеудің нақты белгіленген бағасы жоқ. Бұл қызмет мемлекеттік ауруханаларда 10 мың теңге төңірегінде. Бірақ кейбір жеке клиникаларда бекітілген бағасы бар екен. Ол 5 000 — 30 000 теңге аралығында болуы мүмкін. Қазақстандық хабарландыру сайттарында да сүндеттеу қызметтері ұсынылған.
Оқи отырыңыз:
Сүндетке отырғызу. Бағасы, емі және пайдасы
Баланы қандай жағдайда сүндеттеуге болмайды?