Ұстaз — ұлы тұлғa. Бүгіндe өмірін бaлa тәрбиeсінe, мұғaлімдік қызмeткe aрнaғaн ұстaздaр жeтeрлік. Сoл мұғaлімдeрді бүкіл eлгe таныту мақсатында Tengrinews.kz редакциясы «Қазақстанның ұлағатты ұстаздары» жобасын қолға алған еді. Бұл жолы 40-тан аса мақала мен бірнеше оқулықтың авторы, 20 жылдан аса уақыт мұғалімдік қызметте жүрген Хасен Масғұтұлы жайлы материал ұсынамыз.
Хасен Масғұтұлы — 50 жаста, Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің аппараты «Астана ақшам» газетінің құрметті тілшісі. Қазір Ақмола облысы Егіндікөл ауданында Жұлдыз деген ауылдағы мектепте жұмыс істеп жүр.
Ол өзін оралманмын дейді. 1992 жылы Моңғолиядан көшіп келген екен. Студенттік өмірге қадам басып, Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін тарих мамандығы бойынша тәмамдаған. Содан Шымкентте қалып, 1998 жылы елордаға көшіп келген.
«Оқу бітірген соң Қазақстанда қалып қойдым. Әкем негізі мұғалім болмаған, қарапайым шаруа болды, ал анам үй шаруасында болды. Өзіміз 12 ағайынбыз. Әкемнің әкесін 1937 жылдары ұстап әкеткен болатын, әкем жетім өсті, оқу оқымады. Содан мені оқытуға бар күшін салды», — дейді педагог.
Хасен Масғұтұлы. Шымкент, студент кезі.
«1997 жылы оқуымды аман-есен бітірдім. Бір жыл ауылда жұмыс істеп, елордаға көшіп келдім. 1998 жылдан бастап №26 қазақ орта мектебінде жұмыс істедім. Ол кезде қазақ мектептері саусақпен санарлықтай еді. 3-4-ақ қазақ мектебі болды. Ол мектепте 10 жыл уақыттай жұмыс істедім. Ал 2009 жылдан бастап №58 мектеп-гимназиясында жұмыс істеп жатырмын. Осылайша, еңбек өтілім 20 жылдан асып отыр», — дейді тарихшы.
Неге тарихты таңдады?
«Тарихты таңдауыма бірден-бір себеп біз өзіміз кезінде өмірдің қилы кезеңінен өттік. Талай тарихи оқиғаның куәсі болдық. Ата-бабаларымыз Алтай асқан. 1936-37 жылдары қазақтың талай мықтыларын ұстап кетті. Атамды да сол кезде ұстап әкеткен еді. Әкем жетім қалды. Ешқандай оқу оқымады, мүмкіндік болған жоқ. Ол кезде ұсталған кісілердің балаларын ешкім де оқытпады, барлығы жетім қалды», — деп еске алады Хасен Масғұтұлы.
«Ешқашан мектеп оқулықтарымен шектелмеймін»
Тарихшының айтуынша, білім беру жүйесінде авторлық оқу әдістемелерін қолдану әлдеқайда тиімдірек әрі пайдалы.
«Басты қағидам — мен ешқашан мектеп бағдарламасындағы оқулықтармен шектелмеймін. Мектеп бағдарламасындағы кітаптар керемет деп айта алмаймын. Сондықтан өзімнің авторлық оқу әдістемелерімді дайындаймын. Сондай-ақ, Блум таксономиясы әдісі арқылы сабақ беремін. Негізі 5-11-сынып оқушыларына сабақ беремін. Үнемі қосымша әдістемені алып жүремін, барлығын өзім жазып дайындаймын», — дейді тарих пәнінің мұғалімі.
Жеке мұрағатынын алынған сурет.
«Күштеп оқытпаймын»
Хасен Масғұтұлы баланы бейіміне қарап оқыту керектігін айтады.
«Үнемі ізденісте жүремін. Газеттерге жиі мақала жазып тұрамын. Ғылыми кеңестерге көп қатысамын. Басқа да мұғалімдердің тәжірибесін тыңдаймын. (…) Бір бала математикаға икемдірек болып, екіншісі гуманитарлық пәндерге бейім болуы мүмкін. Оларды ешқашан күштеп оқытпаймын, олай болмайды. Менің әдісім ондай емес. Балалардың өз қызығушылығы қандай — сол бағытқа баулу керек, тереңдету керек. Бейіміне ыңғайлап оқытқан жөн. Баланы тіл тазалығына баулуды мақсат етемін», — дейді Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі.
«Алаш қайраткерлерінің ұраны қандай — менің ұраным сондай»
«Өмірлік ұраным бір — ұлттық құндылықтар. Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлының ұрандары. Сол кездің өзінде алаштықтар Жапонияның білім жүйесін үлгі еткен еді. Онда ұлттық құндылықтарды бірінші орынға қояды. Менің де ұраным сол.
Қазір балаларға 2-3 тілді бірден қазақ, орыс, ағылшын, неміс тілдерін оқытып жатыр, нәтижесінде олар бір тілде таза сөйлей алмайды. Олай болмайды. Алдымен тіл тазалығына баулып, білім беру жүйесін жетілдіру керек», — дейді ұстаз.
«Бос уақытымда өлең жазамын»
Сондай-ақ, Хасен Масғұтұлы сабақтан бос кезінде өлең жазады екен. Тарихшының айтуынша, ол ақын болмаса да, әдебиетке жақын.
«Өлеңді алғаш рет 5-6 сыныптарда жаза бастадым. Ана, ұстаз, отбасы тақырыптарында жазып жүрдім. Ең қызығы 30 жыл бұрын жазған өлеңдерім де әлі жадымда. Мысалы, осыдан 10 жыл бұрын ұлы ақын Абай жайлы өлең жазған едім:
Қазақта қара сөзге дес бермеген,
Халқымның пір тұтамын кемеңгерін.
Рухани өмір, азық берер,
Жадымда жаттап өстім өлеңдерін.
Сыйдырған жүрегінің мұң мен шерін,
Қарапайым жандарға ашып жаны,
Қазақтың қайталанбас ақын ұлы
Адамдық ар-намыстың асқан шыңы
Біртуар поэзия Пайғамбары (…)
«Қазіргі мектептерде ұлттық құндылықтарды басым қою қажет. Мектеп бағдарламасы барысында ұлттық дүниетанымға мән беру керек. Өзіміздің ана тілімізді құрметтемей, ұлттық құндылықты жоғалтып, ешқашан әлемнің дамыған мемлекеттерінің тізіміне кіре алмаймыз. Ағылшын деген жақсы, бірақ барлығын өз ана тіліңнен, ұлттық құндылықтардан бастау керек. Баланы тіл тазалығына баулу керек», — деп кеңес берді мұғалім.
«Қазақстанның ұлағаты ұстаздары» жобасы ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Сондай-ақ, ERG компаниясымен бірлесіп «Батырлар арамызда», «Жеңімпаздар», «Қазақстанның дарынды балалары» арнайы жобалары қолға алынған.